Қала-мединелерді басқарып отырған хакім, даруғалар мемлекетке деген көзқарастарын өздерінің жеке мүддесіне қарай белгіледі. Сол себептен де бүл шаһарларды билеген мықтылар ойына келгенін істеді, қарамағындағы елді өзінің меншікті мүлкі санады. Мединелерді билеген бекзадалардың асқандығы соншалық, қалаға таласып жатқан екі жақтың қайсысының қарамағына көшкісі келсе, соған өз еркімен көше берді. Егер қала мықтылары өз бастарына пайдалы көрсе, кешегі жауына бүгін өзі апарып қала қақпасының кілтін ұстатты. Осындай жағдайларды ойлаған Түркістанды жаулап алған хандар, әрқашан да бүл шаһарларға хакім етіп өздерінің сенімді жақындарын ғана қоюға тырысты. Бұл әдетті Әбілқайыр хан да қатты қолданды. Түркістан уәлиетін өзіне қаратқаннан кейін, осы уәлиетті жаулап алуда көп қаһар көрсеткені үшін, Сығанақтың хакімі етіп Манедан-оғланды, Үзкентке — Маңғыт руының биі Оқасты белгілеп, Созақ бекінісін немере ағасы Хызырханның баласы Бахтияр сұлтанға тартты. Яссы, Сауран, Сайрамдарды да осылар тәрізді Әбілқайырға өте сенімді не болмаса хан тұқымынан шыққан сұлтандар билеуде еді