Қайтадан бөліну керек деп ойладым. Енді мен бөлінем. Әділдік қайда. Ол алай, мен былай. Міне, қазір бөлінем... Бөліне алмадым. Екі жармақ емес, бір бүтін екем. Тұтас. Бір Жан... Енді мойындауға тура келді. Мұрат деген де мен, Марат деген де мен. Бір кісі. Мен өзім. Бірге тудық, бірге өстік, заманың тайғағында екі кейіпте дербес ғұмыр кешсек те, ақыры бірге өлдік. Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз. Екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім.