Алтай елі — алтай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалына сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, бегі шиқан дуылдайды; ауызы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.